2021 жылдың 29 қаңтар күні Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде профессорлық-оқытушылар және студенттер құрамы Қазақстан Республикасы «Экология, геология және табиғи ресурстар» министрі Мағзұм Маратұлы Мырзағалиевпен кездесу өткізді. Жиында білім ордасында қызмет атқарып жүрген ғалымдар және бітіруші түлектер өз ойларын ортаға салып, экология мен геология саласы бойынша көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Студенттер мен жастарды Мағзұм Маратұлының мансаптық және кәсіби өсуде ұстанған қағидалары, жетістікке жету жолындағы ұстанымдары, қоршаған ортаны қорғаумен айналысуда тартылатын еріктілерге жұмысқа орналасуда берілетін артықшылық тұстары қызықтырды. Ғалымдарды экологиялық айыппұлдардан түсетін қаржылардың жұмсалуы, геологиялық барлау жұмыстарының жүргізілуі және оған бөлінетін қаражат мөлшері, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың және оны дамытудың маңызы мен өзектілігі, өңірдегі су мәселесі туралы сұрақтар қызығушылықтарын тудырды. Сонымен қатар, отырыс барысында жаңа экологиялық кодексте орын алған өзгерістер де талқыға салынды. Министр мырза жаңа кодекс Қазақстанның ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарын келтірілген экологиялық салдарды жоюға міндеттейтінін мәлімдеп, жаңа қолжетімді технологияларды енгізу жаңа кодекстегі басты қағидат болып табылатынын атап өтті. |