Валентин Петрович Токаревтің 100 жылдығы

2025 жылы 02 сәуірде Yessenov University Инжиниринг факультеті «Экология және геология» кафедрасы, Геологтар күніне орай және Қазақстанның мұнай-газ саласына зор еңбек сіңірген, Лениндік сыйлықтың иегері, әйгілі ғалым, университетіміздің профессоры Валентин Петрович Токаревтің 100 жылдығына арналған оқу-зертханалық аудиторияның салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараны Қазақстан мұнайшы-геологтар Қоғамы, Маңғыстау геологиялық инспекциясы және Yessenov University бірлесе ұйымдастырды. Ашылу салтанатында Қазақстан мұнайшы-геологтар Қоғамының төраға орынбасары Изберген Кубекбаев және NCOC компаниясының Ақтау кеңсесінің басшысы Арман Ракушұлы Жанахмет жаңа аудиторияның лентасын қиды. Аудитория NCOC компаниясының демеушілігімен заманауи зертханалық жабдықтармен толық қамтамасыз етілді.

Университет президенті Берік Бақытжанұлы Ахметов бұл аудитория «Геология және пайдалы қазбалар кенорындарын барлау» білім беру бағдарламасының студенттеріне палеонтология және қолданбалы зерттеулер жүргізуге үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.

Шараға құрметті қонақтар ретінде ардагер геолог Сағын Ерқасұлы Қырымқұлов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Жәңгірханұлы Өрісбаев, Қазақстан мұнайшы-геологтар Қоғамының төрағасы Балтабек Мұханұлы Қуандықов және сала ардагерлері қатысты.

Маңғыстау өлкесінің белгілі Қаражанбас, Қаламқас, Солтүстік Бозашы, Доңға, Өзен, Жетібай сияқты кен орындарын ашқан атақты геолог-барлаушы Әділ Молдашұлы Нұрмановтың туғанына 90 жылдығына арналған «Жер қойнауының құпиялары: Геология ғылымының жетістіктері мен келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференцияның мақсаты – геология саласындағы соңғы жетістіктерді, мұнайгаз өнеркәсібіндегі ақпараттық технологияларды, экономикалық тиімділік пен экологиялық тәуекелдерді талқылау, геологиялық зерттеулердің келешегін анықтау және ғылыми ынтымақтастықты нығайту болып табылады.

Leave a Reply