08.11.2024 ж. Yessenov University Инжиниринг факультеті «Экология және геология» кафедрасының ұйымдастыруымен табиғат пен қоршаған ортаны қорғаудың жолдарын ұғындыру, жалпы халықтың экологиялық сауатын ашу, жастарға үздіксіз білім беру, экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында «Таза Қазақстан: Экологиялық мәдениет» атты іс-шара өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында басты мәселенің бірі етіп: «Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі. Біз қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек. Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет» деп ерекше тоқталған еді.
Аталған шарада «ЭкоМаңғыстау» үкіметтік емес мекемесінің директоры Осин Кирилл Владимирович, «ЗЕЛЕНАЯ ШКОЛА TAZA.LIKEE» қоғамдық қорының директоры Татиева Ирина Рапаеловна, PhD, Ш. Есенов атындағы КТИУ «Экология және геология» кафедрасының меңгерушісі Сымбат Еламановна Койбакова экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолдары мен маңыздылығы, қазіргі таңдағы деңгейі, рөлі, қала экологиясы, тұрғындарға экологиялық білім беру туралы өз баяндамаларын ұсынды.
Сондай-ақ, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту және жаңғырту, Қалдықтарды басқару және жоспарлау бөлімдері, Энергетика басқармасы, «GIBRAT PRO» қоғамдық қоры, Республика, Ауыл, Аманат партиясының Маңғыстау облыстық филиалының өкілдері, Есенов университеті «Экология және геология» кафедрасының профессорлық оқытушылар құрамы мен білім алушылары қатысты.