21 қазан 2024 жылы Yessenov University қабырғасында Sapienza University of Rome ғалымдарының қатысуымен екі маңызды ғылыми семинар ұйымдастырылды. Бұл шараларға университет оқытушылары, студенттер, жас зерттеушілер мен докторанттар қатысты. Алғашқы семинар – «Ғылыми мақаланы нөлден бастап қалай жазу керек» тақырыбында өтті. Спикерлер: Александро Минготти және Ливио Д’Альвиа. Бұл семинар барысында ғылыми мақаланы жазудың негізгі кезеңдері қарастырылды. Қатысушылар тақырып таңдаудан бастап, жұмысты рецензияланатын журналдарға жариялауға дейінгі процестермен танысты. Спикерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, академиялық жазудың қыр-сырын түсіндірді. Екінші семинар – «Шынайы тұрмыстық жаңартылатын энергия көздеріндегі аккумуляторлық энергия сақтау жүйесін модельдеудің автоматтандырылған жүйесі: Қолданбалы мысал» тақырыбында өтті.Спикер: Ливио Д’Альвиа. Бұл семинарда жаңартылатын энергия көздерін тиімді пайдалану және сақтау жүйелерін модельдеу әдістері талқыланды. Қатысушылар нақты қолданбалы мысалдар арқылы энергияны сақтау және тиімді басқару стратегияларын үйренді. Семинарлар барысында тыңдаушылар өздерінің сұрақтарын қойып, спикерлерден нақты әрі пайдалы жауаптар алды. Оқытушылар мен студенттер үшін бұл іс-шара ғылыммен айналысуға деген қызығушылықты арттырып, өздерінің болашақ зерттеулерінде пайдалы білім алуға мүмкіндік берді. Yessenov University халықаралық ғылыми байланыстарды нығайту мақсатында осындай маңызды іс-шараларды жалғастыра бермек.

